Тарих...

Төле бидің көрегендігі

  Төле би бабамыздың бірқатар уақыт Жолбарыс хан қайтыс болған соң Тәшкенді билеп тұрғаны тарихтан мәлім. Ұлы бабамыз өте қарапайым болыпты. Халықтың жағдайын, мұң-мұқтажын білу үшін жанына нөкер ертпей, өзінің кім екенін ешкімге білдіртпей ертелі-кеш базар аралайтын әдеті бар екен.

  Бірде ол ханбазардағы шайханаға соғады. Сонда ол елмен бірге шай ішеді, айналасындағылардың сөздеріне құлақ түреді. Кенет оның алдына иман жүзді жас бала келіп құман қойып кетеді. Киімі аса жұпыны болса да, өзіне жарасымды. Өзінің артық сөзі жоқ. Тапсырманы тыңғылықты орындайды.

  Шайға қанған соң, Төле би шайхананың иесіне барып әлгі баланың мән-жайын сұрайды. Бірақ одан жарытымды жауап ала алмайды. Осыдан кейін баланың өзімен сөйлеседі, ақыр-соңы оны өзімен бірге жүруге көндіріп алып кетеді. Төле бидің әлгі баланың тегін адам емес екеніне көзі жетеді. Атын сұраса, өзіңіз қалаған атыңызды қоя беріңіз, мен бәріне келісемін деп күлімсірейді. Төле би ақыр соңы «Мен сені «Сабалақ» десем ренжімейсің бе?» деп сұрайды баланы сынағандай болып. Бала болса « еркіңіз білсін» деп жауап қайырады.

   Кейіннен ұлы хан Абылайға айналған Әбілмәнсүр – Сабалақтың ең алғаш Төле би бабамыздың қолына түсіп, оның тәрбиесін көруі, айтулы азамат боп шығуын ел аузындағы аңыз-әңгімелер осылай суреттейді. Дәл осы оқиғаны халық ақыны Қазанғап Байболов өзінің «Сабалақ» дастанына арқау еткен болатын. Онда ол Абылайдың теңдесі жоқ әміршіге айналуын халық өмірін терең білуі және де Төле бидей данышпанның сөздерін тыңдап өскендігінен, тәлім-тәрбиесін алғандығынан деп түйіндейді. «Қазақтың қамал-қорғаны» атанған Қанжығалы Бөгенбай батырдың қыран құстай баулуынан дейді. Біз, әрине, бұған қосыламыз. Себебі құшақ жетпес шынар ағашын да шыбық кезінде қорғамасаң ешкінің жеп кетуі әбден мүмкін.